40 жыл Құран тілімен сөйлеген Әйел!
Күнә істеп қоярмын деген қорқынышпен Құран кәрім аяттарынан басқа ешқандай сөз сөйлемейтін бір тақуа әйел жайында хазреті Абдуллаһ бин Мүбәрак былайша әңгімелейді:
Қажылық парызымды өтеп болып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету үшін жолға шықтым. Алыстан қарайған бір нәрсені көзім шалды. Жақындап келіп қарасам, үстіне жүннен тігілген киім киген, басына жүн орамал таққан бір әйел екен. Оған:
– Ассаламу аләйкум уә рахматуллаһи уә бәрәкатүһ! - деп сәлем бердім.
Ол «Ясин» сүресінің:
«(Бұл да) Аса жарылқаушы Раббыларыңның сәлемі!» («Ясин» сүресі, 58-аят) деген аятын оқып, сәлемімді алды.
Мен одан:
– Жалғыз өзіңіз мұнда не істеп жүрсіз? - деп сұрағанымда ол:
«Аллаһ кімді адастырса, оны ешкім тура жолға сала алмайды...» деп «Ағраф» сүресінің 186-аятын оқыды.Бұдан оның жолынан адасып қалғанын түсіндім де:
– Қай жерге баруыңыз керек еді? - деп сұрағанымда «Исра» сүресінің 1-аятындағы:
«Бір түні құлын әл-Харамнан әл-Ақсаға апарған...» деген жолдарын оқыды. Оның бұл жауабынан қажылық жасап, Құддыс шаһарына қайтып бара жатқанын ұқтым. Одан:
– Бұл жерде жүргеніңе неше күн болды? - деп сұрадым. Ол «Мәриям» сүресінің 10-аятындағы:
«Аман-сау күйіңде үш тәулік...» дегенін оқыды. Мен:
– Талғажау ететін тамақ та жоқ екен! - дедім. Ол:
«Маған жегізген де, ішкізген де Аллаһ» деген «Шұғара» сүресінің 79-аятын оқыды. Мен одан:
– Мына шөл далада немен дәрет алып жүрсіз? - деп сұрадым. Ол «Ниса» сүресінің 43-аятынан:
«Егер су таба алмасаңдар, таза топырақпен тәйәммум алыңдар!..» деген сөйлемін оқыды. Мен:
– Менде азық бар, соны жеңіз!,– дедім. Ол «Бақара» сүресінің 187-аятындағы: «...Содан соң күн батқанға дейін оразаларыңды тәмамдаңдар!..» дегенді оқыды. Мен оған:
– Қазір Рамазан айы емес қой? - дедім. Ол Бақара сүресінің 158 аятынан: «...Кімде-кім шын көңілімен (нәпіл) бір жақсылық істесе (сыйлығын алады). Өйткені, Аллаһ ғибадаттардың сауабын беруші, әрі (барлық нәрсені) толығымен білуші» деген сөйлемді оқыды. Мен:
– Сапарда жүргенде ауыз бекітпесе де болады ғой, - дедім. Ол «Бақара» сүресінің 184-аятындағы:
«Егер білсеңдер (қиын болса да), сендер үшін ораза ұстағандарың әлдеқайда жақсырақ» дегенді оқыды. Мен:
– Менімен неге қарапайым тілде сөйлеспейсіз? - деп сұрадым. Ол:
«Адамның аузынан қандай сөз шықса да, оны қалт жібермей жазып тұратын бақылаушы періште бар» деген «Кәһф» сүресінің 18-аятын оқыды. Оған:
– Сені түйеме мінгізіп, керуеніңе дейін жеткізіп салайын, - дедім. Ол «Бақара» сүресінің:
«...Сендер қандай жақсылық істесеңдер, Аллаһ одан хабардар...» деген 197-аятын оқыды.
Оны мінгізейін деп түйемді шөктірдім. Ол «Нұр» сүресінің:
«Мүміндерге айт! Көздерін харамға қараудан сақтасын!» деген 30-аятын оқыды.
Түйеге мінгеннен соң ол:
«Осыларды бізге бағынышты еткен Аллаһ өте пәк! Әйтпесе, бұған біздің шамамыз жетпес еді. Күмәнсіз біз Раббымызға қайтарыламыз» деген «Зұхруф» сүресінің 13-14 аяттарын оқыды.
Жолда келе жатқанымызда «Мүззәммил» сүресінің:
«Енді Құранның өздеріңе жеңіл келетін жерінен оқыңдар!..» деген 20-аятын оқыды. Мен де:
«...Кімге даналық (хикмет) берілсе, күмәнсіз оған мол игілік беріледі...» («Бақара» сүресі, 269-аят) деген аяттан шабыт ала отырып:
– Саған мол игілік беріліпті, - дедім. Ал ол болса, осы аяттың жалғасындағы:
«...Мұны тек нағыз ақылдылар ғана түсінеді» («Бақара» сүресі, 269-аят) деген сөйлемді оқыды.
Бір уақытта оның керуеніне де қуып жеттік. Сосын мен оған:
– Мынау сенің керуенің! Оның ішінде туыстарың бар ма? - дедім. Ол:
«Мал мен балалар – дүние өмірінің сәні» деген «Кәһф» сүресінің 46-аятын оқыды. Керуенде оның балалары бар екенін түсіндім. Кейін:
– Олардың керуендегі қызметтері қандай? - деп сұрадым. Ол:
«Бұдан басқа да қаншама белгілер жаратты. Олар жұлдыздарға қарап жол табады» деген «Нахл» сүресінің 16-аятын оқыды. Бұдан балаларының жол көрсетуші екендігін түсіндім.
Керуен жақты нұсқап:
– Сенің балаларың анау тұрғандардың қайсысы? - деп сұрадым. Ол:
«...Аллаһ Ибраһимді өзіне дос тұтты», «Аллаһ расында да Мұсамен сөйлесті» және «Ей, Яхия! Кітапты бар күшіңмен ұстан!» деген «Ниса» сүресінің 125, 164 және «Мәриям» сүресінің 12-аяттарын оқыды. Сосын мен:
«Ей, Ибраһим! Ей, Мұса! Ей, Яхия!» деп оларды шақырдым. Алдымнан жүздері толған айдай нұр шашқан үш жігіт шыға келді.
Аналары оларға:
«...Қазір араларыңнан біреуіңді мына күміс ақшамен қалаға жіберіңдер. Байқап көрсін! Кімнің тағамы таза болса, содан азық сатып әкелсін...» деген «Кәһф» сүресінің 19-аятын оқыды.
Олардың бірі қалаға барып, азық әкелді де оны менің алдыма қойды. Әлгі әйел:
«Бұрын істеген жақсылықтарыңның қайтарымы ретінде көңіл рахатымен ішіп-жеңдер!» деген «Хаққа» сүресінің 24-аятын оқыды. Мен әйелдің балаларына:
– Маған аналарың туралы айтып бермесеңдер, тағамдарыңнан дәм татпаймын, - дедім. Олар:
– Біздің анамыз «Аллаһқа ұнамайтын қандай да бір қателік жасап қоямын ба?» деген қорқынышпен қырық жылдан бері Құран кәрім аяттарынан басқа ешнәрсе сөйлемей келеді, - деді. Мен оның бұл әрекетіне дән риза болып «Жұма» сүресінің:
«Бұл – Аллаһтың қалаған құлына беретін артықшылығы. Аллаһ үлкен кеңшілік иесі» деген 4-аятын оқыдым.